Аудан дарияның жағасында қоныс тепкен. Өзеннің оң жағасында кішкене өзекшелер бар екен. Ондағы ел-жұрт балық аулауды кәсіп етеді. Ертеде қазіргідей балық аулайтын құрал-жабдық тұрғындарда қайдан болсын? Қолдағы бармен тіршілік жасайды. Жазда шанышқы, қыста қазамен әрекет етеді. Қаза – балық аулау құралы. Уақыт өте келе бұл кәсіпті меңгерген жұрттың қарасы көбейе береді. Оларды қаза басушылар деп атайды. Сырттағы ел қаза басқан жерді «Қазалы» деп атап кетеді. Негізінде, бұл жер кім-кімге де қолайлы болған екен. Тіпті осы маңайға Бұқара мен Хиуадан, Орынбор мен Қарқаралыдан саудагерлер мен көпестер келе бастайды. Дарияның жағасында бау-бақша өсірушілер де толайым табысқа кенеліп жатады. Осының арқасында аталмыш қоныс маңында жиналған жұрттың қарасы жылдан-жылға арта береді.