Халық денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы. Қоғамның әл-ауқаты мен елдің тұрақты дамуы ең алдымен азаматтардың өмір сүру сапасына, соның ішінде сапалы медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігіне байланысты. Сондықтан денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру – мемлекет алдындағы маңызды міндеттердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында осы бағытқа айрықша назар аударылды. Президент елімізде халық санының қарқынды өсуіне байланысты денсаулық сақтау инфрақұрылымын жүйелі әрі жедел дамытудың маңыздылығын атап өтті.
Жолдауда белгіленген маңызды бастамалардың бірі – еліміздің барлық өңірінде 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысанын салу. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары мен балаларға арналған оңалту орталықтары бар. Бұл бастамалар медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, өңірлердегі денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.
Әсіресе ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесінің маңызы зор. Осы мақсатта елімізде заманауи перинаталдық орталықтар мен көпбейінді балалар ауруханаларын салу жоспарланып отыр. Бұл – болашақ ұрпақтың саулығына бағытталған нақты қадам. Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының ашылуы олардың сапалы медициналық көмек алуына және қоғамға бейімделуіне жол ашады.
Денсаулық сақтау саласын дамыту тек жаңа ғимараттар салумен шектелмеуі тиіс. Медициналық қызметтің сапасы, білікті мамандардың жеткілікті болуы, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және алғашқы медициналық-санитарлық көмектің тиімділігі де басты назарда болуы қажет. Осы орайда Президент жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтіп, учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру жөнінде тапсырма берді. Бұл медицина қызметкерлерін қолдауға және саладағы кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған маңызды шешім.
Жолдауда көтерілген бастамалардың тағы бір ерекшелігі – әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда өңірлердің нақты қажеттіліктерін ескеру. Өйткені әрбір азаматтың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасалуы керек. Қала мен ауыл арасындағы медициналық қызмет сапасының айырмашылығын азайту – уақыт күттірмейтін міндет.
Жалпы, денсаулық сақтау саласына бағытталған бұл бастамалар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, ана мен бала денсаулығын қорғауға және медициналық көмектің тиімділігін арттыруға негіз болады. Ең бастысы, қолға алынған жұмыстар нақты нәтижеге бағытталып, әрбір азаматтың игілігіне қызмет етуі тиіс.
Дені сау ұлт – қуатты мемлекеттің негізі. Сондықтан денсаулық сақтау саласына салынған инвестицияны елдің болашағына, келер ұрпақтың жарқын өміріне салынған маңызды инвестиция деп бағалауға болады.
