Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.
Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, тағы басқа салтдәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салтдәстүр көрінісі.
Асылында, біз қарастырып отырған қазақ тіліндегі ғұрып, әдет сөздерінің түп-негізі шариғат терминдері. Мұның өзі халқымыздың шариғатпен сонау ықылым замандардан таныс болғандығын білдіреді. Енді осы сөздердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталып анықтамасын айқындап алайық.
Ғұрып. Қазақша «ғұрып» сөзі «العرف әл-ъурф» сөзінен шыққан. Араб тілінде адамдарға үйреншікті болған, әдеттегі іс-әрекет, үрдіс деген мағыналарды білдіреді.
«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер».
«Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада» العادةсөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген.
«Дәстүр» сөзі де арабша « دستو ر дустур» деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады.
Дәстүрдің жалпы және жеке түрлері болады. Жалпы дегеніміз- бір тұтас мемлекетке немесе бір тұтас ұлтқа, яғни, көпшілік қауымға мәлім салт-дәстүр немесе тыйымдар. Ал, жеке дегеніміз-бір тайпаға немесе шағын қауымдарға ғана тән наным тыйымдар. Ғұрыптар заңға сәйкес келу, келмеуіне байланысты жарамды немесе жарамсыз әдет-ғұрыптар болып бөлінеді.
Халқымыздың бойында ғасырлар бойы жинақталған қасиеттердің айнасы іспеттес болған наным сенімдер мен әдет-ғұрыптар – бір бүтіннің бірін-бірі толықтырып тұратын екі жартысы секілді. Әдет-ғұрып – халықтың өмір салтына сай әрекет-амалы болса, наным-сенім – халықтың ойлау жүйесін құрайды. Бірақ, наным-сенім елдің тұрмыс-тіршілігін бір ретке келтіретін күш-қуат ретінде әрдайым іс-әрекеттің алдында тұрады. Халқымыз Ислам дінін қабылдағаннан кейін ондағы адамның жаратылысына тән құндылықтар салт-дәстүрімыз, әдет-ғұрыптарымыз бен наным сенімдеріміздің негізіне айнала бастады. Бұл әдет-ғұрыптар мен сенімдердің негізгі қайнар көзі – Құран аяттарынан бастау алып жатса, олардың көбі
Исламның екінші негізі болып саналатын хадистер мен сүннеттерден туындады. Пайғамбарымыздың кезеңінен бастап бүгінгі күнімізге дейінгі мұсылмандар Аллаһ елшісінің әрбір сүннетін қалт жібермей, іздестіріп, сұрастырып, Оның әрекеттеріне қарай өздерінің іс-қимылдарын белгілеп отырады. Тіпті, қарапайым деп саналатын әдеттерде де Оның (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрекеттерін қайталаған. Мысалы, үйден шыққанда оң аяқпен шығу, малдас құрып отыру, жатқан кезде оң жағына қарап бір қырымен жату, тіпті әжетханаға кірерде сол аяқпен кіріп, оң аяқпен шығу секілді амалдардың бәрі сол Пайғамбарымыздың сүннетінен туындап, үмбеттің өмірінде күнделікті тұрмыстың бір ережесі болып қалыптасып қалған. Ұрпақтан-ұрпаққа осы ережелер бұлжытпай беріліп, тіпті осындай қарапайым әрекеттердің өзіне арнайы кітаптар жазылып, «Аллаһ Елшісі жаңа айды көргенде не дейтін еді?», «Аллаһ Расулының киімі», «Аллаһ Расулының сәлемдесуі» деген сияқты әрқайсысы бір-бір тақырып ретінде кейінгі ұрпаққа өзгеріссіз жеткен. Дүние жүзінде Аллаһқа құлшылығынан бастап, мінез-құлқы, адамгершілік қасиеттері, саясаты, әкімшілік басқару істері, тәлімтәрбиесі, әлеуметтік жұмыстары, әскери шаралары секілді әмбебап іс-әрекеттері мен жеке басына қатысты қарапайым амалдарына дейін үлгі ретінде ұсынылып, ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, әрбір іс әрекетіне дейін қайталанып келе жатқан Мұхаммед пайғамбардан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) басқа ешқандай жан жоқ. Біздің қазіргі әдет-ғұрып деп ұстанып жүрген ата-баба мұраларының көпшілігін бабаларымыз сол кезеңдерде «сүннетті ұстану» ниетімен қалыптастырған.
Рүстем ЕШМАХАН,
Қазалы қаласы «Нұралы» мешітінің имамы